NU алғаш рет THE World University Rankings тізіміне 2024 жылы еніп, 501–600 диапазонында (әлемдік университеттердің үздік 30%-ы) орналасқан болатын. Бар-жоғы екі жыл ішінде университет 401–500 диапазонына көтеріліп, Орталық Азия мен Кавказдағы жетекші жоғары оқу орны, сондай-ақ ТМД елдері арасындағы көшбасшы университеттердің бірі ретіндегі мәртебесін растады.
Бұл көрсеткіштердің өсуі бірқатар негізгі индикаторлар бойынша ілгерілеуді білдіреді, әсіресе ғылыми зерттеулер сапасы (76.8) жоғары бағаланып, университет оқытушылары мен студенттерінің жаһандық ықпалын айқындайды. Рейтингке 115 ел мен аумақтан барлығы 2191 ұйым қатысты.
«Рейтингтегі ілгерілеуіміз – бүкіл NU қауымдастығының табанды еңбегінің нәтижесі. Бұл жетістік біздің профессорларымыздың, студенттеріміз бен қызметкерлеріміздің кәсібилігі мен адалдығын көрсетеді. Біз бұл мойындауға қуаныштымыз, бірақ алда әлі атқарар жұмыс көп екенін түсінеміз. Біздің мақсатымыз – NU-ды шынайы әлемдік деңгейдегі университетке айналдыру, сонымен қатар оның қазақстандық болмысын сақтау. Осы маңызды кезеңді атап өтіп, біз ғылыми зерттеулерді, инновацияларды одан әрі дамытуға және жаһандық академиялық кеңістіктегі ықпалымызды арттыруға жаңа серпінмен кірісеміз», — деді Nazarbayev University президенті профессор Вакар Ахмад.
THE World University Rankings әлемдік деңгейдегі зерттеу университеттерінің беделді көрсеткіштерінің бірі саналады. Сол себепті NU-дың нәтижесі ерекше маңызды. Университеттің рейтингтегі өсуі үш негізгі компонент бойынша ілгерілеуді көрсетеді: оқыту, зерттеу ортасы және, әсіресе, ғылыми зерттеулер сапасы. Бұл бағыттар NU-дың жаңа институционалдық стратегиясының өзегіне айналып, оның халықаралық беделін одан әрі нығайтпақ.
Бұл жаңалық профессор Ахмадтың Сауд Арабиясында 7–9 қазан күндері өтетін Times Higher Education World Academic Summit саммитіне қатысуымен тұспа-тұс келді. King Abdullah University of Science and Technology (KAUST) серіктестігімен Таяу Шығыста алғаш рет өтіп жатқан бұл маңызды шарада университеттердің прогрестің қозғаушы күші ретіндегі рөлі талқылануда.
Жетістік NU-дың 15 жылдық мерейтойымен де үндесіп отыр. 2025 жылғы тамыз айында университет Британдық жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету агенттігі (QAA) жүргізген International Quality Review (IQR) халықаралық сапа шолуы нәтижесінде институционалдық аккредитацияға ие болды. Бұл NU-дың білім берудің қатаң халықаралық стандарттарына толық сәйкес келетінін растайды.
NU-дың өсіп келе жатқан беделі талапкерлер санының артуынан да көрінеді: 2025 жылы олардың саны 34%-ға өсіп, 10 000-нан асты. Сонымен қатар түлектердің шамамен 98%-ы әртүрлі салаларда жұмыс табады, бұл әлемдегі ең жоғары жұмысқа орналасу көрсеткіштерінің бірі болып саналады. Университеттің профессор-оқытушылар құрамы 60-тан астам елді қамтиды, бұл нағыз халықаралық білім беру ортасын құрайды. NU сапалы оқытуға адалдығын дәлелдей отырып, жоғары білім берудегі сапа, көшбасшылық және инклюзивтілікті арттырумен айналысатын Ұлыбританиядағы Advance HE ұйымымен серіктестік орнатқан.