News

Назарбаев Университетінің дипломы енді Қытайда мойындалды

Назарбаев Университеті (NU) Қытайдың Білім министрлігіне қарасты Қытайдағы ғылыми тәжірибе алмасу орталығының (Chinese Service Center for Scholarly Exchange, CSCSE) аккредитациясын алды. Бұл аккредитация NU дипломдарының Қытайда ресми танылатынын білдіреді, осылайша түлектердің Қытайда жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейтеді.

CSCSE шетелдік академиялық дипломдарды бағалау және аккредиттеу арқылы халықаралық білім алмасуды дамыту және ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Бұл NU үшін Қытай студенттерінің оқу орындарын аяқтаған соң дипломдарын Қытайда еш кедергісіз тапсыруға, сондай-ақ үкіметтік стипендияларға өтініш бере алуына мүмкіндік береді.
NU Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің ішіндегі Тілдер, лингвистика және әдебиеттер департаментінің инструкторы Лили Джангтың айтуынша, аталған Орталықтың аккредитациясын алу NU дипломының Қытайда жарамды екенін білдіреді.

«Бұл университет түлектері үшін Қытайда жұмыс істеуге жол ашады, себебі ондағы Білім министрлігі ресми түрде қазақстандық оқу орнындағы білім сапасын жоғары бағалап отыр», — дейді ол.

Осы аккредитация университеттің беделін арттырып, болашақта Қытайдан келетін шетелдік студенттердің санын көбейтеді деп күтілуде. Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің Академиялық сұрақтар бойынша вице-деканы Андрей Фильченко:

«Бұл бұдан былай қытайлық студенттер NU-да оқу мүмкіндігін кеңінен қарастыра алады деген сөз. Сондай-ақ олар қазақстандық білім ордасында оқу үшін Қытайдың өзінің түрлі стипендияларына өтініш бере алады. Бұл Қытайдан келетін студенттер қатарының артуына жол ашады»- дейді.


Қазіргі таңда NU-де 9 қытайлық студент оқуын аяқтап, 25 студент оқуын жалғастыруда. Бұл аккредитация болашақта олардың санын көбейтуге және NU-ді өңірдегі жетекші ғылыми-зерттеу университеттерінің бірі ретінде нығайтуға ықпал етеді​.
Жаңалықтар