Презентация барысында автор кітаптың қазақшаға аударылуының маңызын ерекше атап өтті: «Бұл еңбекті мен ең алдымен ағылшын тілді оқырмандарға арнап жазған едім. Ал оны осы өңірдің өзінде маңызды әрі қызықты деп тауып, қазақшаға аударғаны — мен үшін зор мәртебе. Бұл оқиғаның қаншалықты мәнді екенін сөзбен жеткізу қиын», — деді Адиб Халид.
Зерттеуші кітапты жазудағы мақсаты туралы да әңгімелеп берді. Оның айтуынша, ол көп жылдан бері Орталық Азияға арналған еңбектерін қорытындылайтын бір кітап жазуды ойлап жүрген. Алайда басты серпін берген — Princeton University Press баспасынан түскен ұсыныс. «Бірнеше жыл бойы қолжазбамен жұмыс істедім, жазу процесі төрт жылға созылды. Оның алғашқы екі жылында жобаның қай бағытта дамитынын да, немен аяқталатынын да өзім толық түсінген жоқпын», — деп бөлісті ғалым.
Автор еңбектің оқулық емес, кең аудиторияға түсінікті баяндау түрінде жазылғанын атап өтті. Ол әдейі өңірдің жаңа дәуіріне басымдық берген: «Алдыңғы кезеңдер — тарихқа дейінгі тарих, археология, Моңғол империясы мен Әмір Темір дәуірі — салыстырмалы түрде жақсы зерттелген. Ал қазіргі заманғы кезең, әлдеқайда күрделі бола тұра, жалпылама еңбектерде жеткілікті қамтылмаған. Бұл — менің басты мақсаттарымның бірі болды. Екіншісі — Орталық Азия тарихын аймақтағы емес, ең алдымен сырттағы ағылшын тілді оқырмандарға түсіндіріп, әлі күнге дейін сақталып келе жатқан таптаурындар мен қате түсініктерге қарсы тұру еді», — деді ол.