News

Назарбаев университетінің студенттері Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне танымдық экскурсияға барды

2025 жылдың 28 наурыз күні Назарбаев университетінің студенттері Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне танымдық экскурсияға барды. Ұйымдастырушылары – «Қазақ тілі және түркітану» Департаментінің профессорлары Мейрамгүл Құсайынова мен Жазира Ағабекова.

Мақсаты – Қазақстан Республикасының ең жоғары Заң шығарушы органы - Парламенттің төменгі палатасы Мәжіліс қызметімен таныстыру; жастардың еліміздің даму болашағына ат салысуға бағытталған кәсіби бағдарға қызығушылық туғызу; жастардың бойында Отанға құрмет, патриотизм сезімдерін қалыптастыру.

Экскурсия барысында ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары Сүлейменова Жұлдыз Досбергенқызы және Балабиев Қайрат Рахымұлымен кездесу ұйымдастырылды. Студенттер Парламент Мәжілісінің қызметімен таныстырылды, заң жобасын талқылау және ұсыну жүйесі, депутаттардың өз сайлаушыларымен өзара байланысы жайлы ақпарат алды. Кездесу барысында екіжақты диалог ретінде қазіргі таңда еліміздегі білім-ғылым саласының даму қарқыны, жастардың болашақта табысты карьера жасау мүмкіндіктері жайлы сөз қозғалды. Депутаттар тарапынан еліміздің жоғары білім беру жүйесінде сапалы білім мен ғылымның дамуына үлес қосып отырған Назарбаев университетінің даму үрдісі жоғары бағаланды.

Студенттер Парламент Мәжілісінің ғимараты, мәжіліс залдары, танымдық стендтер және кітапханамен танысты. Кітапхана қызметкерлері Парламент кітапханасының жұмысы жайлы, ғылыми, көркем кітаптар қоры ақпаратымен бөлісті. Студенттер депутаттардың көбінесе қандай кітаптарды оқитыны туралы қызықты сұрақтарын қойды.
2025-05-08 15:31 Жаңалықтар